CaspianLife, 09 тамыз — Салық қызметкерлері 30 қыркүйекке дейін елден шығарылуы тиіс Қазақстандағы шетелдік автомобильдер бойынша түсініктеме берді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, бұл талап Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде есепте тұрған машиналарға қатысты емес. Сондықтан ресейлік, қырғыз, армян және белорустық нөмірі бар автомобильдердің иелері көілктерін Қазақстанда одан әрі мініп жүре алады.
«Қазақстанда бір жылдан астам уақыт болған басқа да шетелдік автокөліктер еліміздің аумағынан ғана емес, Ресей, Қырғызстан, Армения және Беларусьтен де кетуі тиіс. Себебі бұл елдер ЕАЭО аясында кеден кодексін бекітті. Басқа елдерден келген автомобильдер уақытша кедендік баж салығын төлемей ЕАЭО аумағында бір жыл ғана бола алады. Бұдан әрі машина одақтан тыс жерлерге әкетілуі тиіс не оған кедендік баж төленуі тиіс. Алайда, коронавирустық пандемияға байланысты бүкіл әлемде шектеу шаралары енгізіліп, шекарадан еркін өту мүмкін болмады. Сондықтан шетелдік машиналардың бір жылдық жұмыс мерзімі ұзартылды. Алайда, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі азаматтарға салдары мен айыппұлдары жоқ, мерзімі өтіп кеткен уақытша әкелінген автомобильдерді 2021 жылғы 30 қыркүйекке дейін шығаруға мүмкіндік берді», — деп түсіндірді салық қызметкерлері.
Шетелдік көліктерді елден шығару туралы талап ЕАЭО елдерінің бүкіл аумағына — Ресейге, Қырғызстанға, Арменияға және Беларуське қатысты.
«Қазіргі уақытта шетел азаматтары өздері тұратын елге оралып, сол жерге көлік апару үшін шекарадан өте алады. Сондай — ақ, егер олар өз бетінше экспорттай алмаса, тасымалдаушылардың көмегіне жүгіне алады», — деп толықтырды МКК.
30 қыркүйектен кейін салық қызметкерлері жол полициясымен бірге уақытша әкелу күндерін кешіктірген машиналарды іздей бастайды. Бұзушылық анықталған жағдайда аталған көлік құралдары айыппұл тұрағына жіберіледі. Бұдан әрі Қазақстанда автокөлікті уақытша пайдаланған «иесіне» қатысты қажетті шаралар қабылданатын болады.
«Уақытша әкелу мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстанда мұндай көліктің «иесі » кедендік төлемдерді төлеуге тиіс. Олар Мемлекеттік кірістер қызметкерлерімен есептелетін болады. Азаматтар Беларусь және Ресей есебімен ЕАЭО аумағында сенімхатпен жүре алады. Мұндай көліктерге уақытша әкелу мерзімдері қолданылмайды. Ал, Армения мен Қырғызстаннан келетін көлік құралдары шетелдік көлік құралдарына жатпайды», — деп еске салды ведомствода.
Сонымен қатар, ІІМ Қазақстанға уақытша әкелінген автокөліктерді шығару бойынша талапты түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, 30 қыркүйекке дейінгі мерзім ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден автомобильдер әкелген шетелдік азаматтар үшін белгіленген.
«Бұл норма ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден шетел азаматтары әкелген автомобильдерге ғана қатысты. Кедендік заңнамаға сәйкес шетелдік азаматтар кедендік баждарды төлемей, Қазақстанға және ЕАЭО-ның басқа елдеріне ЕАЭО-ға кірмейтін басқа елдерде тіркелген автомобильдерді уақытша әкеле алады. Яғни, бұл Ресей, Қырғызстан, Армения және Беларусьтен емес, үшінші елдерден әкелінген машиналар. Негізінен мұндай құқықты Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік азаматтар пайдаланады. 2020 жылы және ағымдағы жылы коронавирустың таралуына байланысты елдер арасындағы шекаралар жабылғанын ескере отырып, шетелдік азаматтар уақытша әкелінген автомобильдерді ЕАЭО аумағынан шығара алмады. Осыған байланысты ЕАЭО аумағында шетелдік автокөліктің болу мерзімі 2021 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылды», — деп түсіндірді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден шетелдіктер әкелген үш мыңға жуық шетелдік автомобиль бар, олар Қазақстанда болу мерзімі аяқталғаннан кейін елден тыс жерлерге шығарылуы тиіс.