CaspianLife, 23 шілде — Қазақстандық үш телеарна — «Qazaqstan», «Qazsport» және «Хабар» Жапониядан тікелей трансляция жүргізетін болды. Бұған дейін Қазақстандағы «Qazsport» спорттық телеарнасы мен басқа да ұлттық арналар Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарын таратпайды деген хабар тараған болатын.
Телекөрермендер мен БАҚ өкілдері XXXII жазғы Олимпиада ойындарын таратуға қатысты мәселе туындағанын естіп наразылықтарын білдірген.
«Токиодағы Олимпиада ойындарының тікелей эфир құқығы Dentsu Inc. компаниясына тиесілі. «Қазақстан» Корпорациясы мен «Хабар» АҚ Dentsu Inc.компаниясымен 2019 жылдан бастап «Qazaqstan», «Qazsport» және «Хабар» республикалық телеарналарының жазғы Олимпиада ойындарын трансляциялау мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізді. Алайда, ұзақ келіссөздерге қарамастан, тараптар әлі келісімге келе алмады. Себебі, авторлық құқық иесі ойындарды трансляциялауға лицензияның бағасын 2016 және 2018 жылдарға қарағанда 123% — ға өсірген», — деп жауап берді телеарналардың баспасөз қызметі.
Десе де, жоғарыда аталған қазақстандық телеарналар Dentsu Inc. компаниясымен келісімге келіп, олимпиадалық ойындарды өз елімізден, тікелей эфирден көру мүмкіндігін ұсынды.