CaspianLife, 3 шілде — Қазақстандық үш жоғары оқу орнынан білім беру қызметіне берілген лицензия қайтарып алынды. Енді олар диплом беруге және студенттерді қабылдауға құқылы емес. Бұл Орталық Азия университеті, «Астана» университеті және Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Мұндай шешімнің себебі осы жоғары оқу орындарының білім беру сапасының аккредиттеу стандарттарын сақтамауы болды. Осыған байланысты тәуелсіз Қазақстандық Аккредиттеу орталығы мен аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі осы жоғары оқу орындарынан аккредиттеуді кері қайтарып алды.
«Астана» университеті мен Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті бұдан бұрын да аккредитациялауда қиындықтарға тап болды. Біз олармен соттасып жатқанымызға бір жылдан астам уақыт өтті. Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты қазір оларды бас лицензиядан айыру шаралары қабылдануда. Соңғы, үшінші тексеру қалды. Айта кетейік, шағымдар осы жоғары оқу орындарының студенттерінен, ата-аналарынан және оқытушыларынан түскен. Жағымсыз пікірлердің ішінде білім алу үшін сапасыз жағдайлар, оқытушылар мен ғылыми жетекшілердің жетіспеушілігі, сондай – ақ дипломның уақытылы берілмеуі сынды шағымдар бар», — деп хабарлады ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Ол диплом алу үшін студенттер басқа жоғары оқу орындарына ауыса алатынын айтты. Бұл үшін БҒМ ЖОО қызметінің үлгілік қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіпті.
«Талапкерлер бұл жоғары оқу орындарына грантқа түсе алмайды, ал түлектер диплом ала алмайды. Мұндай жағдайда студенттер үшін жалғыз жол — басқа университеттерге ауысу. Айтпақшы, осы жоғары оқу орындарының контингенті осы уақыт ішінде айтарлықтай төмендеді: Орталық Азия университетіндегі ҰБДҚ-дағы ақпарат бойынша – 3000-нан 1000 – ға дейін, «Астана» Университеті – 1162-ден 7-ге дейін, Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті-1207 студенттен 191-ге дейін азайған», — деп атап өтті Гүлзат Көбенова.
Комитет өз үлгісіндегі дипломдардың сериясы, нөмірі және QR-коды бар екендігіне түлектер мен жұмыс берушілердің назарын аударады. Дипломдар сериясын ҚР БҒМ бекітеді. Диплом нөмірлерін генерациялау арнайы сервис арқылы жүзеге асырылады, оның көмегімен жоғары оқу орындары сериялар мен реттік нөмірлерді, сондай-ақ QR-кодты алады.
БҒМ ЖОО таңдау кезінде министрліктің бастамасы бойынша «Атамекен» ҰКП өткізетін ЖОО-лардың ресми рейтингіне назар аударуды ұсынады. Рейтинг жұмыс берушілердің білім беру бағдарламаларының мазмұны мен қазақстандық жоғары оқу орындары түлектерінің талап етілуі туралы бағасын ескере отырып жасалған. Онымен ҚР БҒМ және «Атамекен» ҰКП сайттарында танысуға болады.