CaspianLife, 2 шілде – Кеше өңірлік және республикалық БАҚ-та Атырауда аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерінің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де бұл ақпаратты ресми түрде растады.
«2021 жылдың 1 шілдесінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) өзіндік қауіпсіздік департаменті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесіп ірі көлемде пара алғаны үшін Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің офицерін ұстады», — делінген қысқаша хабарламада.
Бұдан әрі күдіктінің Атырау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамауға алынғаны айтылды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.