CaspianLife, 30 маусым — 1 шілдеден бастап Қазақстанда электр энергиясына жаңа шекті тарифтер енгізіледі. Жылу электр станцияларының тарифтері ұйымның әр тобы үшін әр түрлі белгіленген. Бұйрық Энергетика министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Бұйрық бойынша 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін энергия өндіруші ұйымдардың 47 тобы үшін жаңа тарифтер белгіленген. №3, 11, 19, 22-27, 33, 34, 41, 42, 44, 45 топтар үшін шекті тарифтер төмендейді, №21, 30 үшін бағалар өзгеріссіз қалады, қалған топтар үшін жоғарылайды.
Естеріңізге сала кетейік, 5 наурызда Энергетика министрлігі 2025 жылға дейін электр энергиясына шекті тарифтерді көтеруді ұсынды. Бұйрық жобасында шекті тарифтерге арналған 2020 жылғы бағалар өндірушілердің отын шығындарын өтемейді делінген.