CaspianLife, 24 маусым — Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында ағымдағы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алатын 18 жастан асқан қала тұрғындары пәтердің ұтыс ойынына қатыса алатынын хабарлады.
«Коронавирустың таралуын болдырмау және вакцинация жүргізу бойынша штаб өткіздік. Менің орынбасарларыма, басқарма басшыларына және аудан әкімдеріне өздері жетекшілік ететін салаларға вакцинациялаудың маңыздылығы мен қажеттілігін сапалы түсіндіруге дербес жауапкершілік жүктелді. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін бізге қала халқының 60% — дан астамы вакцина алу қажет. Санитарлық дәрігерлер қосымша карантиндік шектеулер қабылдау туралы жаңа қаулы дайындауда. Қауіпті топтар үшін вакцинация міндетті, ал вакцинацияланбаған қызметкерлерді қашықтықтан режимге көшіру қажет», — деп жазды әкім.
Ол қала тұрғындарын ынталандыру үшін түрлі бағалы сыйлықтар ойнатылатынын атап өтті.
«Жаңа вакцинацияланғандардың арасында біз екі бөлмелі пәтер ойнатамыз (жеке қаражатты тарту арқылы). Ұтыс ойынына ағымдағы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алатын 18 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Қыркүйек айының басында нәтижелерді жариялаймыз. Конкурсты әділ өткізу және вакцинацияланғандардың санын қамту үшін (көрсетілген кезеңде) IT-қоғамдастықты тартатын боламыз», — деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ, әкім бұған дейін MEGA Silk Way СОО вакциналанғандар арасында автокөлік ұтыс ойынын өткізетіндігі туралы хабар таратқанын да атап өтті.
«Одан бөлек, сауда-ойын орталықтарында вакцинацияланған адамдар арасында компьютерлік және тұрмыстық техникалар және iPhone ойнатылады. Соңғы күндері тұрғындар арасында екпе алуда белсенділік артып келе жатқаны бізді қуантады. Осылайша, қала тұрғындары денсаулығына саналы түрде қарай бастады, «Дельта» штаммының қаупін түсінді. Вакцинация — пандемиямен күрестегі жалғыз тиімді әдіс!», — деді елорда басшысы.