CaspianLife, 23 маусым — Парламенттің төменгі палатасының пленарлық отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады. Заңда тасымалдаушылар саны бойынша шектеусіз ұшулар көзделеді.
Мәжілістің Экономикалық реформа және Өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау заң аясында халықаралық бағыттарға сыртқы көліктік қолжетімділік артатынын түсіндірді.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы ашық аспан қағидаттарын көздейді, оның шеңберінде тараптар тасымалдаушылардың, межелі пункттер мен жиіліктердің саны бойынша шектеусіз ұшуды орындай алады. Бұл келісім сыртқы көліктік қолжетімділікті арттыруға және халықаралық авиамаршруттардың географиясын кеңейтуге ықпал ететін болады», — деді Рау.
Яғни, заң қабылданғаннан кейін қазақстандық авиакомпаниялар АҚШ-қа және кері қарай тікелей тұрақты рейстер жасай алады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қаңтар айында Қазақстан мен АҚШ ашық аспан туралы келісімге қол қойған болатын.