CaspianLife, 18 маусым — Бүгін елордада Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың қатысуымен онлайн форматта брифинг өтті.
Өңір басшысына республикалық БАҚ өкілдері түрлі сауалдар жолдады. Солардың бірі, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевқа қатысты болды. Ол ірі пара алды деген күдікпен қазір қамауда отыр және оның ісі сотта қаралуда.
Махамбет Досмұхамбетовке «егер сот Нұрлан Таубаевты кінәлі деп таныса, отставкаға кетуге дайынсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Атырау облысының әкімі былай деп жауап берді:
«Менің де білетінім сіздерден аспайды және тергеу ісі мен сот талқылауының барысы туралы түсінік бере алмаймын. Мемлекеттік қызмет туралы Заңға сәйкес, әрбір мемлекеттік қызметші, егер оған тікелей бағынышты қызметкері сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне барса және бұл сот шешімімен анықталса, отставкаға кетуі керек. Мен, басқалар сияқты, сол заңға бағынамын. Сондықтан да заңға сәйкес әрекет етемін».