CaspianLife, 18 маусым — Махамбет ауданына қарасты болғанымен, елдімекен санатында жоқ Өткел ауылының тұрғындары проблемаларын айтып ағынан жарылды.
Бірінші кезекте оларға аудан орталығына бару қиынға соғып тұр. Жайық бетіндегі ең жақын көпір ауылдан 20 шақырым жерде орналасқан. Оған жетер жол шұрық -тесік. Сондықтан, өткелдіктер қыста жанын шүберекке түйіп мұз үстімен, жазда қайықпен қатынайды.
Қазір ауыл тұрғындарына тиесілі 3 қайық бар. Өткелдіктер соны алмакезек пайдаланып, орталыққа барып-келіп жүр. Мұнда жедел жәрдем мүлде келмейді. Соның салдарынан қайғылы жағдайлар да жиі болады.
Өткелдіктердің айтар базыналары бұнымен бітпейді. Ауыз судың жоқтығы себепті, Жайықтың лай суын ішіп отыр. Қала берді, тоғай арасына қоныстанған жұрт кешкісін ауыл ішінде қасқыр мен қарсақ көбейіп кетеді дейді. Бара бара соларға жем боламыз ба деген үрей бар.
Аудан басшыларының сөзінше, Өткел ауылы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясына қарасты ерекше қорғалатын аумақта тұр. Ал мұндағы халықтың талап-тілегі ауыл елдімекен санатына енген соң шешілетін көрінеді.
Ұзын сөздің қысқасы, әкім орынбасары ауыл тұрғындарының аудан орталығына көшірілмейтіндігін ашып айтты. Сондықтан, өткелдіктердің өз қотырларын өздері қасығаннан басқа амалдары жоқ сыңайлы. Қазір ауылда 20 шақты отбасы немесе 130-ға тарта адам өмір сүріп жатыр.