CaspianLife, 9 маусым — Атырауда қой бағасы былтырғымен салыстырғанда бір жарым есеге өскен. Қазіргі кезде мал базарларында марқалар 40-45 мың теңгеге саудаланса, ірі қойлар жүз мың теңгеге дейін жеткен. Бұл әрине, қызылсырап, базар жағалайтындарды қуантатын жағдай емес.
Сатушылар бағаның өсуіне жем-шөптің қымбаттауы себеп болып тұр дегенді айтады. Және ортадағы делдалдар да қымбатқа әкелетін көрінеді. Ал бұлар үстіне 3-4 мың теңге ғана қосып сатады-мыс.
ал базарындағы саудагерлердің сөзіне сенсек, пандемия өршіген тұста сауда тоқтап қалған. Кейін жағдай қалыпқа түсе бастағанда, баға көтеріліп сала берген. Бірақ әкімдіктегілер мұны жылдағы жағдай деп түсіндіреді. Яғни, мал төлдер уақытта басталған қымбатшылық 3-4 айдан кейін қайта орнына келеді.
«Бұл жылда болатын үрдіс. Ақпан, наурыз айларында ерекше қымбатшылық байқалады. Шілде айының аяқ жақтарында баға қалыпқа келу керек. Мал бағасын тұрақтандыру қиындау шара. Табиғи факторларға да әсер етеді. Нақты мал түрлерінің бағасын түсіру әзірге мүмкін емес. Соңғы уақытта ауылшаруашылығы саласында мал бағуға арналған мамандардың жоқтығы байқалады. Болған күннің өзінде де жалақыны көп төлеу керек. Сол факторлар да әсер етеді. Оған қоса жанар- жағармайдың қымбаттауы, жем-шөптің тапшылығы бар», — дейді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.
Әкімдіктегілер ең құрығанда мал азығының бағасын түсіруге барынша әрекет етудеміз деп сендіруге тырысты. Ал, былтыр жем-шөп мәселесін шешу үшін облыстық бюджеттен 700 млн теңге қаражат бөлінген болатын.