CaspianLife, 7 маусым — Жұлын бұлшықетінің атрофиясы диагнозы қойылған Эмирге бір миллиард теңге тұратын екпе салынды. Қаражат қамқор адамдардың көмегімен жиналды.
Бұл туралы Эмирдің ата-анасы Сабина Дәулетқалиева мен Талех Шахмаров әлеуметтік желілерде хабарлады. Баласына қойылған диагноз бойынша дәрігерлер оларға бала екі жасқа толғанға дейін «Золгенсма» инъекциясын алу керек деп айтқан. Аталған препарат миллиард теңге тұрады. Бұл қаражатты халықтың, жанашыр жандардың көмегімен жинаймыз деген мақсатта арнайы парақша мен шот ашылған болатын. Наурыз айының соңында ақша жинау тоқтатылды. Себебі, қажетті сомадағы қаражат түгел жиналған.
«Күтудің өзі ұзаққа созылды және сол уақыт аралығы біз үшін оңайға соқпады. Біз соңына дейін үмітімізді үзбедік және ең басты нәрсеге қолымызды жеткіздік. Эмир Қазақстан бойынша ең алғаш болып Zolgensma препаратымен гендік терапияны алды. Бізге қолдау көрсеткен, қол ұштарын созған, осындай мүмкіндік сыйлаған әрбір жанға алғысымыз шексіз. Қазір қандай сезімде тұрғанымызды сөзбен жеткізе алмаймыз. Біз осы күнге жеткенімізге қатты қуаныштымыз», — деп жазды Эмирдің ата-анасы