CaspianLife, 3 маусым — «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (АМӨЗ) және Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) TAZALYQ жобасын қаржыландыру мақсатында 80 млн.доллар болатын келісімге қол қойды.
АМӨЗ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қол қою Нұр-Сұлтан қаласында өткен «ECOJER» — » Тұрақты болашақты қалыптастыр!» атты халықаралық конгресс аясында жүзеге асырылған. TAZALYQ жобасы АМӨЗ ағынды суларын тазарту құрылыстарын жаңғыртуды, сондай-ақ ауданы 860 гектар болатын булану алаңдарын рекультивациялауды көздейді. Одан бөлек, жоба шеңберінде қолданыстағы ашық бұру арнасының орнына АМӨЗ сарқынды суларын тазарту құрылыстарына беруге арналған ұзындығы 3,5 км жаңа құбыр салу жоспарлануда.
Жобаға сәйкес, Кәсіпорында пайда болған ағынды сулар жаңа механикалық, содан кейін қолданыстағы биологиялық тазарту қондырғыларынан екі сатылы тазартудан өтеді. Тазартылған судың бір бөлігі зауытта қайта пайдалану үшін қайтарылады, ал қалған бөлігі қазіргі уақытта салынып жатқан Атырау қаласының тазарту құрылыстарына жіберілетін болады. Өз кезегінде, бұл Жайық (Орал) өзенінен тұщы су алуды қысқартуға мүмкіндік береді.
АМӨЗ баспасөз қызметі атап өткендей, парниктік газдар шығарындыларын азайту және атмосфералық ауа сапасына әсер етуді барынша азайту бойынша бірқатар іс-шаралар да қарастырылған. Жобаны 2023 жылға дейін жүзеге асыру жоспарлануда, құрылыс кезеңінде 150-ге дейін жұмыс орны құрылады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ АМӨЗ міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін ЕҚДБ пайдасына кепілдіктер береді. Компания өкілдері жобаны іске асыру Атырау қаласының қоршаған ортасының жағдайын жақсартатынын, экологиялық таза технологиялар мен «жасыл» экономиканы дамытуға жәрдемдесетінін, қала тұрғындарының денсаулығына пайдалы әсер ететінін және АМӨЗ-дің өңірдің қоршаған ортасына, флорасы мен фаунасына кері әсерін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
ЕҚДБ-ның бұл жобаға қатысуы экологиялық стандарттарға қатысты ең жоғары талаптарды көздейді. Осылайша, жоба ЕҚДБ-ның Экологиялық және әлеуметтік саясатына сәйкес келуі тиіс, қажетті бағалау мен зерттеулер жүргізу, экологиялық және әлеуметтік басқару жүйесін енгізу, жобалық шешімдерді әзірлеу кезінде Еуропалық Одақта қабылданған ең озық қолжетімді технологияларды қолдану талап етіледі.
(АМӨЗ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)