CaspianLife, 2 маусым — Мақат ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тігін цехы мемлекеттен қолдаудың жоқтығы себепті жабылуы мүмкін. Өйткені мекеме тапсырыстың жоқтығынан жарты қуатында жұмыс істеп тұр.
Тігіншілер бұған дейін мұнай компанияларынан мың жарымдай төсек жабындысы мен маман киімдерін тігуге тапсырыс алған. Соңғы екі жылда тендер талаптарының өзгеруіне байланысты бұдан қағылып отырған көрінеді. Сөздеріне қарағанда, мемлекеттік сатып алу заңы бойынша тендерге қатысу үшін мекеменің жеке ғимараты болуы керек.
«Бұл біздің цех үшін үлкен мәселе болып тұр. Өйткені өзіміздің ғимаратымыз жоқ. Оның үстіне біз мемлекеттік стандарттарды сатып алуымыз керек. Ол да ақша. Сөйтіп, мемлекеттік сатып алу реестріне енбей қалдық. Енді тек жеке тапсырыстарды қанағат қылмасқа амалымыз жоқ», — дейді тігін цехының меңгерушісі Тыныштық Ещанова.
Алайда Атырау облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен жұмыс істейтін «Азаматтық орталық» мамандары мұны жоққа шығарды. Мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек ететін мекеме-ұйымдардың барлығы мемлекеттік сатып алуға қатыса алады. Бұл жерде бір түсініспеушілік болған, дейді олар.
Қазір цехта 18 іс машинасы жұмыс істеп тұр. Мұндағы 23 тігіншінің басым бөлігі бірінші-екінші топ мүгедегі. Орташа айлық – 60-70 мың теңге шамасында. Ал, жылдық тауар айналымы 1 миллион теңгеге жуық.
Ақпарат көзі: Caspian Life