CaspianLife, 1 маусым — Павлодарлық дәрігерлер екі рет жүрегі тоқтап қалған әйелді аман алып қалды. Көпбалалы ананың өмірі үшін Павлодар қаласының бірінші қалалық ауруханасы қызметкерлері мен облыстық кардиологиялық орталық дәрігерлері күресті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
37 жастағы жүкті әйел Ақсу қаласының ауылдық аймағы Еңбек ауылында тұрады. Бірнеше күн бойы жөтел, қақырық, әлсіздік, кеуде қуысының ауыруы, мерзімді тахикардия мазалаған соң халықтық емдеу әдістерімен емделген.
Тек демікпе пайда болған кезде ғана ауруханаға жүгінген. Сол жерде қан қысымының төмендегені және сатурация көрсеткішінде қауіп бар екені анықталған.
«Оны шұғыл түрде Павлодар қаласының №1 ауруханасының инфекциялық стационарына жеткізді. Қабылдау сәтінен бастап жеті минуттан кейін жүрек қызметі тоқтап қалды, бірақ дәрігерлер бес минуттан кейін жүрек ырғағын қалпына келтіре алды», — деді облыстық кардиологиялық орталықтың кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұрат Райханов.
Компьютерлік томография пневмония диагнозын растамады. Дегенмен жүректің ультрадыбыстық зерттеуі митральды қақпақшаның патологиясын, митральды қақпақшаның алдыңғы қақпағының үзілгенін, 3-4 дәрежелі митральды қақпақшаның жеткіліксіздігін көрсетті, бұл жедел тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігіне әкелді.
Дәрігерлер әйелді шұғыл түрде кардиологиялық орталыққа апаруды шешкен.
«Қысым 50-60, төмен сатурация, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, комада және өкпе ісінуі. Науқас сондай жағдайда болды. Ол өлім аузында жатты, науқасты осындай ауыр жағдайда тасымалдау қауіпті болды. Тасымалдау алдында ауыстыра бастаған кезде жүрегі тоқтап қалды. Реанимациялық шаралардың 20-минутында жүрегі соға бастады, қысым мен сатурация біртіндеп жоғарылады. Біз сиренамен кардиология орталығына бет алдық. Жолда хирургтарға ескертілді. Жүкті әйел жолда өліп кетуі мүмкін деп ойлауға уақыт болмады. Бар ойым оны аман алып қалу еді», – деді кардиоорталықтың анестезиология бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас анестезиологы Инна Гловацкая.
Мұрат Райхановтың айтуынша, техникалық тұрғыдан операция ауыр болмаған, бұл ауруханада мұндай операция көптен бері жасалады. Пациенттің клиникалық өлім жағдайында жатқаны және жүкті болуы жағдайды қиындатқан.
Науқас экстракорпоральды мембраналық оксигенация аппаратына қосылды. Мұндай жабдық тек кардиоорталықта ғана бар, ол жүрек пен өкпені қалпына келтіруге көмектеседі.
Павлодарлық дәрігерлер екі рет жүрек ұстамасынан кейін әйелдің миы тіршілікті тоқтатуы мүмкін деген қауіппен елордалық неврологтармен бірнеше консилиум өткізді.
Операциядан кейінгі сегізінші күні ғана науқас есін жинай бастады. Қазір ол өзіне келді, өздігінен дем алады, сүйемелдеумен тұрып, палатада жүре алады. Дәрігерлер науқасты реанимациядан орталық бөліміне ауыстыруды жоспарлап отыр.
«Өкінішке орай, реанимациялық шаралар шаранаға әсер етпей қоймады, өздігінен түсік тастау болды. Ананың жағдайы жақсы. Екі аурухананың дәрігерлерінің командалық жұмысы жақсы нәтиже берді, барлығы тез, сауатты, кәсіби жұмыс жасады», — деп толықтырды Мұрат Райханов.