Caspianlife, 24 тамыз. Маңғыстау облысында апатты тұрғын үйлерді жаңарту бойынша ауқымды бағдарлама басталады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде 61 апатты үй анықталған. Билік ескі ғимараттарды кезең-кезеңімен бұзып, тұрғындарды жаңа пәтерлерге көшіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы өңір әкімдігі хабарлады.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласындағы, сондай-ақ Бейнеу және Қарақия аудандарындағы апатты тұрғын үй қорын жаңғырту жобаларымен танысты. Жұмыстар мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылады.
Апатты үйлердің ең көп саны Жаңаөзенде — 25 нысан. Олар Вокзал, Шаңырақ және Шұғыла шағынаудандарындағы 322 пәтерді қамтиды. Тұрғындар жаңа үйлерге көшірілгеннен кейін ескі ғимараттар сүріліп, олардың орнына 180 және 160 пәтерлі жаңа үйлер салынады. Сонымен қатар инженерлік желілер жаңартылып, аумақ абаттандырылады.
Бейнеу ауданында 17 үй апатты деп танылған. Оның 12-сі Боранқұл ауылында, екеуі Есетте, екеуі Ақжігітте және біреуі Төлепте орналасқан. Боранқұл мен Есет тұрғындары үшін жаңа тұрғын үйлер салынады. Ал Ақжігіт пен Төлептегі үйлер сүріліп, олардың орнына жаңа нысандар салынбайды.Тұ
Қарақия ауданында Мұнайшы ауылындағы Теміржолшы және Салтанат шағынаудандарындағы 15 апатты үй жаңартылады. Тұрғындарды көшіру үшін жалпы саны 336 пәтер болатын бес көпқабатты үй бой көтереді.
Үш аумақта жалпы көлемі 53 мың шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынады. Құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталып, 2029 жылы аяқталады.
Облыс әкімі апатты үйлердің тұрғындарын қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етуді өңірдегі басым міндеттердің бірі деп атады.
— Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, азаматтарды қауіпсіз әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Апатты үйлер мәселесін жүйелі түрде шешуіміз қажет. Бұл ретте тұрғындарды көшіру, жаңа үйлер салу және ескі нысандарды бұзу жұмыстары өзара байланысты әрі нақты жоспарға сәйкес жүргізілуі тиіс. Ең бастысы — құрылыс сапасы мен мерзімдерінің қатаң сақталуы, тұрғындардың құқықтары мен мүдделерінің ескерілуі. Әр жоба бойынша жұмыстар тұрақты бақылауда болуы керек, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға дайындық жұмыстарын жеделдетіп, жобалардың белгіленген мерзімде сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

