CaspianLife, 24 тамыз. 22-23 тамыз күндері Бакуде өткен қазақ күресінен ересектер арасында XII әлем чемпионатында маңғыстаулық балуан Нұрдәулет Жарылғапов +100 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, чемпионаттың күміс жүлдесін иеленді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, дүбірлі додаға әлемнің 30-ға жуық елінен 300-ден астам спортшы қатысып, 16 салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Қазақстан құрамасының сапында ел намысын қорғаған Нұрдәулет Жарылғапов — қазақ күресінен халықаралық аренада ел абыройын асқақтатып жүрген белгілі спортшы. Ол бұған дейін 2022 жылғы әлем чемпионатында чемпион атанып, 2023 жылғы Азия чемпионатында жеңімпаз болған. Сондай-ақ 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен.
Бакудегі әлем чемпионатындағы күміс жүлде – балуанның халықаралық аренадағы шеберлігі мен табандылығының тағы бір дәлелі.

