Caspianlife, 24 тамыз. 2026 жылғы 24-28 тамыз аралығында Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан келген 60-тан астам әйел бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика (БӨАжА), күн энергетикасы технологиялары, дәнекерлеу және бұзбай бақылау, сондай-ақ өнеркәсіптік альпинизм бағыттары бойынша білім алады.
Әйелдердің кадрлық әлеуетін дамыту және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмысты жалғастырып келе жатқан Empowerment-2026 жобасы Батыс Қазақстанда әйелдердің сұранысқа ие техникалық мамандықтар мен кәсіпкерлікке қатысуын арттыру мақсатында оқыту бағыттарын кеңейтті.
Кәсіби сегрегация әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы негізгі кедергілердің бірі болып қалып отыр. Әйелдер Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығын құрағанымен, жиынтық еңбек табысының тек 36,4%-ы олардың үлесіне тиесілі. Бұл көбіне әйелдердің жалақысы төмен мамандықтарда шоғырлануымен және инженерия, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, көлік және еңбекақысы жоғары басқа да техникалық салаларда жеткілікті деңгейде ұсынылмауымен байланысты.
Бұл теңсіздік энергетика саласында ерекше байқалады. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметінше, әйелдер энергетика секторындағы техникалық лауазымдардың небәрі 19%-ын, ал басшылық лауазымдардың 16%-ын иеленеді. Сонымен қатар электр энергетикасы саласында еңбек ететін әйелдердің 53%-ы біліктілігі төмен лауазымдарда жұмыс істейді.
Empowerment-2026 жобасы әйелдерге сұранысқа ие техникалық құзыреттерді, кәсіпкерлік дағдыларды, тәлімгерлік қолдауды және жұмыс берушілермен байланыс орнату мүмкіндігін ұсына отырып, еңбек нарығындағы осы мәселені шешуге бағытталған. Бұл қатысушыларға жоғары жалақы төленетін жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға, тұрақты бизнес құруға және Батыс Қазақстанда неғұрлым инклюзивті еңбек нарығын қалыптастыруға үлес қосуға мүмкіндік береді.
APEC оқу орталығы Chevron компаниясымен серіктестікте бастамашы болған жоба Қазақстан экономикасын әртараптандыру бағытын қолдайды.
Сіздерді іс-шараларға қатысуға шақырамыз:
Жобаның ашылу салтанаты — 2026 жылғы 24 тамыз, сағат 10:00
Жобаның жабылу салтанаты — 2026 жылғы 29 тамыз, сағат 12:00
Өтетін орны: Атырау қаласы, Жәңгір хан көшесі, 72Б.
Байланыс телефоны: +7 771 002 70 09

