СaspianLife, 27 мамыр — Маңғыстау облысында «Мұнайтелеком» компаниясының жұмысшылары — штат қызметкерлері мен бірдей біліктіліктегі аутстаффинг қызметкерлері арасында жалақының әділетсіз бөлінгенін айтып, оны көтеруді талап етіп, наразылық акциясына шықты.
Наразылық акциясына Қаламқас, Жетібай, Жаңаөзен аудандарындағы және Ақтау қаласындағы «Мұнайтелекомның» аутстаффинг қызметкерлері жиналған. Олардың айтуынша, компания осылайша аутстаффинг қызметкерлерінің құқықтарына нұқсан келтіріп отыр.
Жұмысшылар өткен жылы компания директорының кейбір лауазымдар атауына өзгерістер енгізгенін және соған орай жалақы мөлшерінің де өзгергенін айтты. Олардың сөзінше, ұқсас лауазымдардағы жұмысшылар бірдей жалақы алуы керек.
«Ағымдағы жылдан бастап штаттық өкім бойынша лауазымдардың атауы өзгертілді. Мысалы, 2021 жылға дейін штаттық өкімде және аутстаффинг құрамында «КИПиА слесарі» лауазымы болды, бірақ президент қаулысы күшіне енгеннен кейін штаттағы лауазым атауы «КИПиА реттеушісі» болып өзгертілді. Біз, «Мұнайтелеком» ЖШС аутстаффинг қызметкерлері 19.12.20 жылғы № 386-VI заңына сәйкес 105-баптың сақталуын, яғни Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерді ескеруді сұраймыз. Осы жарлыққа сәйкес, аутстаффинг қызметкерлерінің жалақысы тиісті біліктілігі бар штат қызметкерлерінің жалақысынан төмен болмауы керек», — деді қарсылық білдірген жұмысшылардың бірі.
Ереуілге шыққандардың сөзінше, басшылық аутстаффингтің наразы қызметкерлерімен жиналыс өткізген, алайда директор олардың жалақысын көтеруден бас тартып, штатта ұқсас лауазымдар жоқ екенін мәлімдеген. Десе де ол өткен жылы штаттағы лауазым атауының өзгергенін мойындаған.
«Біздің талаптарымыз ешқандай радикалды әрекеттерді білдірмейді және біз компания басшылығына ешқандай қысым жасамаймыз, тек аутстаффинг қызметкерлерінің жалақысын өзгерту мәселесін қайта қарауды сұраймыз», – дейді компания қызметкерлері.