СaspianLife, 25 мамыр — Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан Бағыс және Хиебон ауылдары ресми түрде Түркістан облысының аумағына жатқызылды. Осыған байланысты премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды.
«Қазақстан Республикасының үкіметі қаулы етеді: Бағыс және Хиебон елді мекендерінің жалпы алаңы 795,62 гектар жерін Түркістан облысының шекарасына қосу арқылы Түркістан облысының шекарасы өзгертілсін; Түркістан облысының әкімдігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын; Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», – делінген ресми құжатта.
Еске сала кетсек, 2021 жылы сәуірде Түркістан облыстық мәслихаты Үкіметке тараптардың келісімі бойынша Өзбекстаннан Қазақстанға өткен, жалпы алаңы 795,62 гектар жерді облыс аумағына қосу арқылы өңірдің шекарасын өзгерту туралы ұсыныс енгізген болатын.
Осылайша, Сарыағаш ауданының шекарасы өзгертілді. Енді Өзбекстаннан Қазақстанға көшкен Бағыс елді мекенінің 750 гектар жері Ақжар ауылдық округіне қосылады. Ал жалпы ауданы 45,62 га болатын Хиебон ауылының жерлері Құркелес ауылдық округінің шекарасына қосылмақ.