CaspainLife, 13 мамыр – Атырау да ішімдікке тойып алған 46 жастағы азамат өз анасын ұрып-соққан.
9 мамыр күні «102» операторына егде жастағы әйелден өзінің баласы мас күйінде отбасылық жанжал шығарып, үйінің терезесін сындырып, соққыға жыққаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ер адам ішімдік ішуін және егде жастағы анасымен жанжалдасуын қоймай, оған психологиялық және физикалық жәбір көрсеткен.
Учаскелік полиция инспекторы ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы, 2-бөлігі (Ұрып-соғу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Мамандандырылған қалалық соттың шешімімен ер адам 10 тәулікке қамауға алынды.
«Айта кету керек, соңғы жылдары елімізде тұрмыстық заң бұзушылық өзекті мəселеге айналып отыр. Бұл тұрғыда Атырау қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінде Әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция лейтенанты Нұргүл Қайырболатқызы әйелдерге қатысты жасалған құқықбұзушылықтардың алдын алып, жәбірленуші азаматшаларға ақпараттық, құқықтық және психологиялық көмек түрлерін көрсетеді. Егер сіз тұрмыстық зорлық- зомбылыққа ұшырасаңыз, не болмаса туысыңыздың, құрбыңыздың, көршіңіздің қиындыққа тап болғанына куə болсаңыз «102» жүйесіне немесе зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторына 8778- 932-93-92 немесе 98-35-32 нөмірлеріне қоңырау шалып, көмек алуларыңызға болады», — деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Отбасындағы зорлық- зомбылық — сіздің өміріңізге ғана емес , жақындарыңыздың да өміріне төніп тұрған қатер. Сондықтан, полиция қызметкерлері зорлық — зомбылық фактісін жасырмай құқық қорғау органдарына дереу хабар беруге шақырды.
Фото: иллюстративті сурет