CaspianLife, 4 мамыр — «Атырау қаласында тоғыз субұрқақтың құрылысы» жобасының тапсырыс берушісі қалалық құрылыс бөлімі, ал мердігер — «Еңбек» РМК.
Бұл туралы Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жоба 2018 жылы құрылып, құрылыс жұмыстарына келісім-шарт 2019 жылдың 23 мамырында жасалған. Жобаға сәйкес, субұрқақтар құрылысы келесі орындар бойынша жүргізілуі керек:
— Құнанбаев көшесі (Балықшы ш.а.);
— Құрманғазы атындағы арбат;
— Қ.Смағұлов атындағы алаң;
— Құрманғазы атындағы мәдениет үйінің алды;
— Авангард м.а. — Жеңіс саябағы;
— Сәтпаев көшесі, Нұрпейісова атындағы академияның алды.
«2020 жылдың мамыр айында мердігер ұйымға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақша жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, соның салдарынан құрылыс тоқтатылды», — делінген хабарламада. Бұл ретте шарттың жалпы сомасы 1 092 482 277,60 (1 млрд. 092 млн. 482 мың) құрайды. Орындалған жұмыстар актісіне сәйкес мердігер ұйымға 2019 жылы 816 млн. 070 мың теңге аударылған. Бүгінгі күні ақаулы өнім тізімдемесі құрастырылуда, оның негізінде техникалық тексеру жүргізіледі. Қорытынды алынғаннан кейін құрылысты жалғастыру үшін жобалық құжаттама жасақталады. Мердігер ұйымды орындалмаған жұмыстардың құнына сәйкес мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы анықтайды. Субұрқақтарды қайта жаңарту шарттың қалған сомасына техникалық тексеру жүргізіліп болғаннан кейін аяқталады.
Фото: Рахим Қойлыбаев