Ресейдің Федералды биологиялық және медициналық агенттігі (ФБМА) коронавирус инфекциясын алдын алу мен емдеуге арналған «МИР-19» препаратына патент алды, деп хабарлады ФБМА агенттігі.
«Роспатент SARS-CoV-2 жаңа коронавирусқа қарсы әсері бар құрамдастырылған дәріге патент берді. Препарат МИР-19 деп аталады», – делінген хабарламада.
МИР сөзі шағын интерференделуші РНҚ дегенді білдіреді. Препарат ингаляция немесе мұрын ішіне енгізу жолымен коронавирус инфекциясының алдын алуға немесе емдеуге арналған.
«МИР-19 – микро РНҚ-ны қолдануға негізделген бірегей препарат. Ол адамдар үшін қауіпсіз, адам геномына және иммунитетіне әсер етпейді. Сонымен бірге вирус көшірілуіне жол бермейді. Коронавирус инфекциясының ең ауыр түрлері, соның ішінде пневмонит, коронавирус инфекциясы тудырған өткір респираторлық дистресс синдромның алдын алады», – деді Ресей ФБМА жетекшісі Вероника Скворцова.
ФБМА мәліметі бойынша, қазіргі уақытта препаратты клиникалық зерттеуден өткізудің бірінші кезеңі аяқталды. Зерттеу барысында оның қауіпсіздігі дәлелденді.