Коронавирус инфекциясынан өлім-жітімнің 57 пайызы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаларында және Алматы облысында тіркелген. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алесей Цой айтты.
Оның атап өтуінше, сәуір айының ішінде еліміздегі эпидемиологиялық ахуал күрделене түскен. «Науқастану көрсетішінің артуымен қатар өлім-жітім жағдайларының да жиілеп кеткені байқалады. Ақпаннан бастап елімізде коронавирустан қайтыс болғандар саны 1,4 есеге артты. Бұған қоса, өлім-жітімнің 57 пайызы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаларында және Алматы облысында тіркелген», — деді Алексей Цой.
Министрдің айтуынша, елімізде эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты тәуліктік тестілеу саны 48 мыңға дейін жеткізілген. Бұл еліміздің жалпы тәуліктік қуатының 41 пайызын құрайды. Сонымен қатар Алексей Цой орын алған ахуалға байланысты барлық өңірлер қосымша шектеу іс-шараларын қабылдап жатыр. «Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты өңір әкімдері ахуалға тұрақты мониторингті, жедел әрекет етуді және алдын алу әрі эпидемияға қарсы іс-шараларды қамтамасыз етуі қажет», — деді ол.