2021 жылы сәуірде Қазақстандағы коронавирус жағдайы наурызбен салыстырғанда 3 есе нашарлады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
Цойдың айтуынша, коронавирус жұқтырғандар саны Қостанай мен Түркістан облыстарынан басқа Қазақстанның барлық өңірінде өсіп жатыр. Бұл ретте ел бойынша сырқаттанушылықтың 61 пайызы үш өңірге тиесілі — Нұр-Сұлтан, Алматы және Алматы облысы.
«Биыл сәуірде эпидемиологиялық жағдай нашарлады. Сәуірдің алғашқы 11 күнінде коронавирустың 24 955 жағдайы тіркелді. Наурыздың осы кезеңімен салыстырғанда вирус жұқтыру дерегі үш есе өсті. Тәулігіне 2 800 науқас тіркеледі», — деді Цой Үкімет отырысында.
Ол сырқаттанушылықтың өсуімен қатар өлім жағдайы көбейгенін атап өтті. Мәселен, наурызда ақпанмен салыстырғанда КВИ-ден қайтыс болғандар саны 1,4 есе өсті.
«Өлім жағдайларының 57 пайызы Нұр-Сұлтан, Алматы, Алматы облыстарына тиесілі. Сәуірде бір тәулікте тест тапсыратындар саны 48 мыңға дейін артқаны байқалады. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, бүкіл ел бойынша қосымша шектеу шаралары қабылданды», — деп толықтырды Цой.
Министрдің айтуынша, 12 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 30 109 инфекциялық төсек бар, оның 41 пайызды бос емес. Резерв қор — 32 065 төсек.
«Инфекциялық төсектердің көп бөлігі Алматы облысында, Алматы мен астанада бос емес. Сонымен қатар, елорда мен Алматының әрқайсында 1200-ге жуық төсек-орын резерві бар», — деді ол.Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс.