Мақатта теміржолдың бойындағы тәртіп бұзу деректері азаймай тұр. Тоғыз жолдың торабында орналасқан мұнайлы мекен тұрғындары көзін ашқалы көргені болатжол болса да, одан келер қауіпті ескермей келеді.
Атырау облысы бойынша былтыр 2 адамды пойыз қағып, олар оқиға орнында көз жұмған. Мақат ауданында мұндай қайғылы оқиғалар тіркелмегенімен, жергілікті тұрғындардың теміржол рельстерін рұқсат етілмеген жерден кесіп өтетіні алаңдатып отыр.
Мақат стансасының желілік полиция бөлімшесінің қызмектерлері қоғамдық тәртіпті қадағалап, қауіпсіздікті арттыру үшін жедел алдын алу шарасын жиі ұйымдастырады. Теміржол сақшыларынан құралған арнайы топпен бірге бұл жолы бізде рейдке шықтық. Байқағанымыз – жақын маңда бұл жерден өтуге тыйым салынған белгі тұрғанымен оған назар салған ешкім болмады.
Мақат стансасында 3 жол паркі болса, тұрғындар кесіп отетін рельс саны — 10. Қыста бұл жерден күніне 15 пойыз өтсе, жазды күндері олардың саны 25-ке дейін артады. Ал асыққан халық 300 м жердегі көпірге көтерілуді қиынсынып, теміржол жұмыскерлеріне арналған қызметтік өткелді жол қылып алған.
Жүргізілген рейд қорытындысы бойынша белгіленбеген жерден өткені үшін 9 адамға әкімшілік іс-құжат толтырылып, ұсақ бұзақылық бойынша 1 адамның ісі сотқа жолданды.Айта кетейік, заң бойынша теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтушілерге 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Ол — 8751 теңге. Егер айыппұл бір аптада өтеліп үлгерсе, қаражаттың елу пайызы төленеді.