Жергілікті халық Жайықтың тағдырына алаңдаулы. Өткен жексенбіде балық аулауға шыққан тұрғындар ау қайырған сәтте келеңсіз көріністің куәсі болған. Сол жерде түсірілген видео әлеуметтік желіге тарап, әлеуметтің түсініспеушілігін тудырған еді.
Ақпараттың Индер ауданына қарасты жерде болғаны расталып отыр. Бейнежазбада балықшылар судың өңі бұзылып, ау құралдарының қою-қара түске боялғанын айтып дабыл қаққан-ды.
Айдың-күннің аманында ағайынды алаң көңілге қалдырған осынау жағдайға байланысты жергілікті билік құзырлы орындармен бірлесіп тисіті зерттеу-зерделеу жұмыстарын қолға алуда.
Гүлнар ҚУАНЫШЕВА, Ұлттық сараптама орталығы Атырау облыстық филиалы Индер аудандық бөлімшесінің директорының міндетін атқарушы
Осы мәселе бойынша су сынамасы алынды Жайық өзенінен.Зерттеу жүргізіліп жатыр. Үш күннің ішінде қорытындысы шығады.
Осы жағдайға байланысты Атырау облысы бойынша Экология департаментінің жылжымалы зертханалық-лабараториясы да арнайы сынама алып, тиісті сараптамадан өткізіп жатқаны белгілі болды. Қорытындысы алдағы күндері дайын болмақ. Мән-жай анықталған соң ғана қажетті шаралар қабылданбақшы.
Сұңқар КӨШЕКОВ