ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына туристік нысан салуға қатысты көзқарасының қандай екенін айтты. Бұл туралы ойын Instagram парақшасында бөлісті.
«Жақында Бозжыра шатқалына қонақ үй салу туралы жоспар біздің қоғамда кең талқыланды. Пікірлер екіге бөлінді. Бір топ тыйым салуды жақтаса, екінші жағы осы туристік нысан жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті аймақты дамытуға түрткі болады деп, қолдау білдірді. Екі жақтың да пікірлері дұрыс. Табиғатты қорғау керек, бірақ біз де дамуымыз керек…
Халықтың пікірінің жағымды және жағымсыз тұстарын ескере отырып, Бозжыра маңына қонақ үй салу орынды деп ойлаймын. Бірақ ол шатқалдан экологиялық қауіпсіз қашықтықта салыну қажет. Тек қонақ үй қонақтары үшін ғана емес, барлық келушілерге серуендеуге арналған жолдар, аттар, велосипедтер, электр велосипедтері және төбесі ашық туристік электр автобустарын қоюымыз керек. Бұндай жағдайда біз табиғатты сақтаймыз және өркениетті туризм мен демалыс үшін экологиялық таза мүмкіндік жасаймыз», – деді вице-министр.
Еске салсақ, Қараша айының басында Маңғыстау облысының әкімдігі Бозжыра шатқалында туристерге арналған қонақ үй салуды ұсынған болатын. Жоба қоғамдық талқылауға ұсынылады деп уәде етілді. Алайда, ешқандай тыңдау өткізілген жоқ.
Сондай-ақ, Бозжыра шатқалын қорғаушылардың онлайн петиция бастағаны белгілі болды.