Атырау, Caspian life. Жыл блогерін таңдаған жиында жұрттың тынышын бұзған жағдай болды. Карантинді пысқырмайтын әлеуметтік желіні белсенді қолданушылар кәдесыйлары мен дипломдарын арқалап, сыртқа шығарылды.
Аяқ астынан үзілген іс-шара қаланың қақ ортасында орналасқан мейрамханалардың бірінде ұйымдастырылған. Мобильді топ кірген сәтте 100-ге жуық жан дастарқан басында жиналып отырған. Сән-салтанаты келісті басқосуда қонақтардан бөлек, өнерпаздарға да орын табылыпты. Басында блогерлер тапа-тал түсте топ-топ адам жинаған отырыстың суреттерін өз парақшаларына жарыса жариялаған. Оны көрген тәртіп сақшылары мен қалалық әкімдіктің қызметкерлері тойханаға бет бұрды. Енді ел көнген қаулыны елей бермейтін азаматтар заң алдында жауап беру мүмкін.
Сәбит СҮЛЕЙМЕНОВ, мобильді топ мүшесі
Бүгінгі күні Cұлтан Хол мейрамханасында «Жыл блогері» атты шара өтіп жатқаны анықталып, сол бойынша мейрамхана иесіне әкімшілік түсініктеме алу жұмыстары жүргізіледі. Алынған түсініктеме, материалдардың барлығы сэс-ке жолданатын болады. Қазіргі мейрамхана иесінен нақты түсініктеме алынады. Осы жыл блогерін ұйымдастырған азамат бойынша түсініктеме аламыз,егерде нақты адамның аты-жөні белгіленетін болса ол бойынша жұмыстар жүргізіледі.