Қоғамдық тамақтану орындарына қойылған шектеу биліктегілер мен кәсіпкерлер арасын қырықпышақ етуде. Соңғы қаулыға сәйкес, кешкі сағат 8-ден кейін тамақтану орындарының жұмысына тыйым салынса да, рейд барысында 20 мейрамхана мен бірнеше дүкеннің ережені елемегені анықталды. Мониторингтік топ мұндай фактілерді бірінен кейін бірін тіркеуде. Ең қызығы, нысан иелері ғана емес, тұтынушылар да қаулының қатаңдығынан қажығанын айтады.
Батыр, келуші
Халыққа 8-ден кейін отыруға болмайды дейтін қате болар. Әрі кетсе 12-ге дейін болар. Өз ойым. Себебі халыққа демалатын, тамақтанатын жер керек. Мысалы кейбір адамдар жұмыстан шыққаннан кейін тамақтанғысы келеді.
Кәсіпкерлер де қаулыны келіссіз санайды. Мейрамхана иесінің айтуынша, шектеудің күшейгені пайда табуға ғана емес, шығындарды өтеуге де мұрша бермейді. Ал қонақтардың қалауы тыйым салынған уақытпен сәйкес келетін көрінеді. Олар көбіне кешкі сегіз бен онның арасында ғана демалғысы келеді дейді кәсіпкер.
Алмаз БИСЕНҒАЛИЕВ, мейрамхана иесі
Алғашқы қонақтар кешкі 8-9дар шамасында келе бастайды. Мұндай шектеулермен біз жұмыс істей алмай жатырмыз. Бізге ең болмағанда 12-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат еткенін қалаймыз. Тым құрыса, қызметкерлеріміздің жалақысына жеткізсек те, аз-мұз пайда тапқымыз келеді. Өйткені, бәрінің басында несие бар, олардың нәпақасына қараған отбасылары да барекенін ұмытпаған абзал. Шыдамның да шегі бар.
Қолдауға зәру кәсіпкерлер өз базынасын облыстық кәсіпкерлер палатасына жеткізген. Бірақ кімнен араша сұраса да, қос тарап бір мәмілеге келе ме, жоқ па — белгісіз. Себебі, бизнесмендерді табысы алаңдатса, әкімдіктегілерге халық денсаулығы маңыздырақ болып тұр.
Мұрат ҚАМЗИН, Атырау қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары
Атырауда эпидемологиялық ахуал тұрақсыз. Күн сайын ауру жұқтырғандар саны артып келеді. Бұл көрсеткіш азайған жағдайда ғана шектеулерге өзгеріс енгізе аламыз. Мысалы, күні кеше қаламызда 27 адам вирус жұқтырды.
Індет қарқын ала бастаған кезден жиын-той өткізуге қатаң тыйым салынды. Алайда, әлі күнге дейін шектеуге пысқырмайтын кәсіпкерлер жетерлік. Карантиндік режим орнағалы бері қалада 400-ден астам заңбұзушылық фактілері тіркеліп, 62 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Айта кету керек, шаһарда қаулыға қарсы шығудан «Тофу» мейрамханасы, «Рыбо моей мечты» караокесі мен «Урбан» кафесі көш бастап тұр.