Маңғыстау музыкалық драма театрының бұрынғы басшысына 14 миллион теңге айыппұл салынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, Нұрнияз Мұханов 2 жыл бойы жұмыс істемейтін қызметкерге жалақы төлеген. Бұл туралы Астана телеарнасы хабарлады.
Екі жыл ішінде оның шотына 1,5 миллион теңге аударған. Ер адамға қызмет бабын қолдана отырып, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу бойынша айып тағылды.
«Театрдың бұрынғы директорына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Осы бап бойынша жаза түрі он есе мөлшерде айыппұл салуға өзгертілді», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің тергеушісі Аслан Атшыбаев.
Драма театрды 17 жыл басқарған Нұрнияз Мұханов жұмыс істемеген адамға айлық төлеп келгенін мойындамады. Ол мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ойдан құрастырғаны деп атады.