Атырау, Caspian Life.
«Әскери құрылыс Астана» ЖШС-нің бұрынғы қызметкерлері жалақыларын ала алмай сабылып жүр. Қорғаныс министрлігіне шаруашылық қызмет көрсеткен компания жұмысшылардың айлықтарын кешіктіріп қана қоймай, тоғыз ай бойы зейнетақы шотына да ақша аудармаған.
Олар бұл мекемеге бес жыл бұрын жұмысқа орналасып, 41 433 әскери бөлімінде еңбек еткен. Нақтырақ айтқанда, ғимарат және аула тазалығымен айналысады. Алайда серіктестік жаңа жылдан бастап әскери мекемемен келісімшартты тоқтатқан. Кейін жұмысшыларына желтоқсан айының жалақысын береміз деп уәде еткенмен, онысы орындалмапты. Оған қоса, былтыр наурыздан бері зейнетақы, тамыздан бері қарай медициналық сақтандыру қорына қаржы түспеген.
Айлығын жеткізе алмай әлек боп жүрген 60-қа жуық жұмысшы, компанияның өкілдерімен байланыса алмапты. Өйткені, Батыс өңірдегі филиал Ақтау қаласында орналасқан. Қоңырау шалса да, ар жағындағылар бір-біріне сілтейтән көрінеді. Берекеті қашқан жұмысшылар еңбек инспекциясына арызданған.
Кемел ИМАНҒАЛИЕВ, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы
Жаз айында бізге бірнеше қызметкерлері келіп, бізге арызданған болатын. Осы Астана әскери құрылыс мекмеесінің. Содан кейін біз мекеме басшыларын шақыртып сөйлестік, олар жалақыларын төлеп тастады. Қазір бұл кісілердің ұжымдық арыздарын аламыз, тіркетіп, мекемеге тексеру тағайындаймыз.
Кейін бұл мекеменің тек атыраулық қызметкерлерге емес, Ақтау мен Ақтөбедегі жұмысшыларына да 30 миллион теңге қарыз екені белгілі болды. Компания басшылығымен ұялы байланыс арқылы хабарласқанымызда, тапсырыс берушіден ақша түскенімен, шоттың бұғатталуына байланысты жалақыны кешіктіріп жатқанын айтты. Алайда алдағы 1-2 апатада мәселе шешімін табады деп сендірді.
Айта кету керек, Атыраудағы әскери бөлімнің шаруашылық жұмыстарымен қазір басқа мекеме айналысады. Сондықтан бұл жұмысшыларға енді жаңа басшы жалақы төлейді.
Малика Такежанова