Сәрсенбі, 20 қаңтарда, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Tengizchevroil ЖШС-ның жаңа бас директоры – Кевин Лионды қабылдады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Нұрлан Ноғаев Tengizchevroil ЖШС-ның бұрынғы бас директоры Имер Боннерге бірлескен жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, Кевин Лионның жұмысына сәттілік тіледі.
Энергетика министрі өз сөзінде компанияның құрылтай құжаттарына сәйкес болашақта Tengizchevroil ЖШС-ның басшысы болып Қазақстан азаматы тағайындалуы мүмкін екенін атап өтіп, бұл қадам Қазақстан үкіметі мен Chevron компаниясы арасындағы ұзақ және тиімді ынтымақтастықтың тарихына қомақты үлес екенін атап өтті.
Тараптар мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығын, жергілікті қамтуды дамыту қорын құру және COVID-19 пандемиясының мұнай-газ секторына әсерін талқылады.
Энергетика министрі еліміздегі пандемиямен күресте ТШО-ның көрсеткен көмегі үшін ризашылығын білдіріп, Теңіз кен орнында санитариялық қауіпсіздік шараларын күшейту туралы бірқатар тапсырма берді.