CaspianLife, 15 қыркүйек. Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) алаяқтардың Агенттік атынан жалған ресми хаттар тарату фактілері әлі де жалғасып жатқанын ескертті.
ҚМА-ға осындай кезекті алаяқтық әрекет туралы ақпарат түскен. Мемлекеттік органға жолданған жалған хатта қаскөйлер азаматқа қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын айтып, оның жеке мәліметтерін, соның ішінде мінездемесі мен басқа да ақпаратты сұратқан.
Бұған дейін де алаяқтар осыған ұқсас тәсілді пайдаланған. Алдымен азаматтарға ҚМА атынан жасалған жалған хат жіберіп, кейін телефон немесе мессенджер арқылы хабарласқан. Өздерін Агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банк деректерін алуға немесе ақша аудартуға тырысқан.
ҚМА азаматтарды сақ болуға шақырады:
- Агенттіктің ресми хаттары тек белгіленген тәртіппен жолданады;
- ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шотының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді;
- Құжатта логотип, мөр немесе қолтаңбаның болуы оның шынайы екеніне кепілдік бермейді;
- күмәнді хат алған жағдайда оның түпнұсқалығын ҚМА-ның ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет.
Азаматтарға бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін бермеу, сондай-ақ олардың нұсқауымен ақша аудармау ескертіледі.
Күмән туындаған жағдайда ҚМА-ның 1458 Call-орталығына немесе +7 (7172) 70-84-79 нөмірі арқылы Кезекші бөлімге хабарласуға болады.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтар мен ұйымдарды қырағы болуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.
Дереккөз: ҚР ҚМА баспасөз қызметі

