Облыстағы аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы 2020 жылды қорытындылады. Мекеме өкілдері өткен 12 айда екі мың жарымнан аса заңбұзушылықты анықтаған. Ал оның 17-сі қылмыстық іс ретінде сотқа жолданыпты.
Мысалы, инспекторлар биыл браконьерлерден сирек кездесетін балықтың 25 тоннасын тәркілеген. Оның 300 келіге жуығы – бекіретұқымдастар. Сонымен қатар, су маржандарын ұстауға арналған 5 мыңдай қармақ пен ау анықталып, 300 шамалы суға жүзу көлік құралы тіркелген.
Рүстем ҚОРҚЫТОВ, облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы
Біз жылды жақсы нәтижемен аяқтадық десек те болады. Заңсыз балық аулағандарды ұстау көрсеткіші бойынша біраз ілгерілеу бар. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың бәрімен тығыз қарым-қатынастамыз. Әкімдік, полиция, табиғатты қорғау прокуратурасы және шекаралық қызметтегілермен келісімді түрде жұмыс істейміз. Жаңа жылға арнаған жоспарымызда айтарлықтай өзгеріс жоқ: браконьерлікпен күресті Жайық өзені мен Каспий теңізінде ғана емес, облыстың барлық аумағында жүргізетін боламыз.