Синоптиктер қатты аязға баяланысты республиканың бірнеше өңірінде дабылды ескерту жариялап отыр
Қазгидромет 2020 жылдың соңғы күніне ауа-райы болжамын жариялады. Бұл туралы Sputnik.kz хабарлайды.
Ресми мәліметке сәйкес, қар мен ауа температурасының көтерілуіне себеп болған Атлантикалық циклонның әсері тек шығыс аймақтарда сақталады.
«Қазақстанның қалған аумағындағы ауа райын Таймыр аудандарынан келетін суық антициклон анықтайды. Ол шығысқа қарай ығысып, солтүстік және шығыс облыстарда ауа температурасының түнде 30-35-ке дейін, жекелеген аудандарда 40 градусқа дейін төмендеуіне әкеледі», — дейді синоптиктер.
Дабылды ескерту
Бүгін, 31 желтоқсанда Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында кей жерлерде тұман түседі.
Ал Павлодар мен Ақмола облыстарында 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында ауа температурасы 30-35 гадусқа дейін күрт төмендейді. Солтүстік Қазақстанда аяз түнгі уақытта минус 38-ге дейін күшейеді.
Қарағанды облысының халқы да аяздың күшейетінін сезеді. Күндіз 25-30 градус болса, кей жерлерде 35-ке дейін төмендейді. Түнде қатты аяз болады, минус 32-37, кей жерлерде 42-ге дейін күшейеді. Ал 1 қаңтарда минус 30-35, кей жерлерде минус 39-ға дейін жетеді.
Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы күрт төмендейді, 25-30 градус, кей жерлерде минус 35 болады. Ал 1 қаңтарда минус 30-35, кей жерлерде 39-ға дейін күшейеді.