«Сергек» камералары жол ережесінің бұзылғанын автоматты түрде тіркейді. Алайда автокөлік жүргізушілерінің тәртіпті амалсыз бұзатын сәттері де болады.
Мысалы, жедел жәрдем көлігін өткізуі мүмкін, жол көлік апаты болып, темір тұлпардың бұзылып қалатын кездері болады. Сондай-ақ, жолақтар ауа райына байланысты көрінбей қалып та жатады.
Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВ, Атырау облыстық ПД ӘПБ басшысы
Қыс мезгілі келді. Жол таңбасы көрінбей қалған жағдайда құқықбұзушылықтар қысқартылатын болады. Жолдағы тазалау жұмыстарына және апатты жағдайларға байланысты еріксіз түрде жол қозғалысы бұзылып, сызықты басып кету мүмкін. Ондай жағдайда бейнежазба қарастырылып, ұйғарымдар қысқартылады. 3 айдың ішінде осындай 100 шақты дерек тіркеліп отыр.
Жол ережесін бұзбағаныңызға сенімді болсаңыз, Нұрсая ықшамауданындағы әкімшілік полициялық басқармасына келіп, видеожазбаны қарап, көз жеткізуге болады. Мамандар «Сергек» орнатылғалы «тәртіпсіз» жүргізушілердің 18 процентке азайғанын айтады. Осыған дейін камералардың көмегімен 61 қылмыс ашылып, 24 мың құқықбұзушылық анықталды.
Әкімшілік полиция басқармасындағылар бюджетке құйылып жатқан айыппұлдың сомасын жасырып қалды. Өйткені, халық арасында түсініспеушілік тудырады-мыс. Бірақ салынған айыппұлдың 59 проценті қазынаға түсіп үлгерген.