22 жыл бұрын салынған Атырау бекіре өсіру зауыты күрделі жөндеуге сұранып тұр. Қазақстанда аты дүркіреген өндірістің ширек ғасырға жуық уақыттан бері техникалық базасы әлі бірде-бір рет жаңартылмаған.
Жайыққа жылына 3,5 миллион шабақ жіберетін кешеннің қазіргі күйі мәз емес.
Рашиден ҚАЛИДУЛЛИН, Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры
Бұл зауыт кезінде асығыстау салынған. Жалпы, Атыраудағы екі зауыт жылына жеті миллион шабақ жіберіп отыр. Екі зауытқа да жөндеу жүргізу керек. Қазақстан үшін жеті миллион аз деп есептейміз. 13,15 миллионға жеткізуіміз керек жылына. Cу айдайтын қондырғымыз бар, трансформатор – бәрін қайтадан жөндеу керек.
Бүгінге дейін су айдынына жүз миллионнан астам шабақ жіберілген. Зауытта 200-ден астам балық бар. Мамандар оның санын көбейте алмайтындарын айтады. Себебі, мемлекеттен бөлінетін 120 млн. теңгенің 80 проценті тек жұмысшылардың жалақысына жұмсалады. Ал қалған қаржы су маржандарының қорегіне әзер жетеді.
Осы мәселелерден жергілікті билік те, министрліктегілер де хабардар. Енді зауыттағылар шенеуніктердің бұл проблемаларды біржақты ететініне үмітті. Өңірде дәл осындай күйде «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыты да тұр. Қос кәсіпорынның жағдайы тек мемлекет қолдауымен шешілмек. Егер мәселе республика деңгейінде оң шешімін тапса, зауыттағылар шабақ қорын молайтып, рекордтық көрсеткіш көрсетуге дайын.