Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті өз қармағындағы нысанның 1 подъезін республиканың әр өңірінен ат терлетіп келген жас мамандарға арнап, күрделі жөндеуден өткізген. Қонақүй нақышында қайта жасақталған 24 орынның 8-і отбасылы жандарға арналған.
Қазірдің өзінде мұнда сырттан келген 10 шақты ғалым мен оқытушы бар. Солардың бірі – Дархан Құралханов.
Дархан ҚҰРАЛХАНОВ, С.Өтебаев атындағы АтМГУ басқарма аппаратының жетекшісі
Жергілікті университетте білім беру мемлекет үшін құнды іс қылумен пара-пар. Мұнда кадрға деген сұраныс та, жасалуы қажет жұмыс та жетерлік. Менің бұл облысқа, елге деген көмегім өзімнің шетелде, өзге қалаларда жүріп жинақтаған біліміммен бөлісу деп санаймын.
Жоғарғы оқу орнының мәртебесін арттырып, дамуына үлес қосамын деген мамандарды әлеуметтік жағынан қолдау үшін жасалған шара бұл ғана емес. Жергілікті университет оқытушыларына өңірдегі екінші деңгейдегі банк филиалдарымен бірлесіп, жеңілдетілген пайызбен ипотекалық несие алуға келісім жасалған. Бұл – бірқатар маманның баспаналы болуына мүмкіндік.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің проректоры Сайранбек Ахметовтың сөзінше, оқу ордасында білім алған түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы ең алдымен сапалы білімге байланысты.