Атырауда әдеби-мәдени, тарихи танымдық бағыттағы тұңғыш басылым – «Сарайшық» журналының тұсауы кесілді. Республикалық деңгейдегі жинақта жергілікті жазушылар ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі сөз майталмандары қалам тербемек.
90 жылдық тарихы бар «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай да өзі тұсауын кескен туынды оқырман сүйіспеншілігіне ие болсын деген тілек білдірді.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, «Жұлдыз» журналының бас редакторы
«Сарайшық» – қазақтың кеудесінде жоғалған қала немесе бір кездегі астанамыз сияқты ұғым емес, кәдімгі халықпен бір ұғымға айналып кеткен атау. Жаңа журнал үлкен таралымға ие болуы керек. Біз бүгін оқылмайтын уақытқа тап болдық. Сонда да оқырманы ортайып қалмауы тиіс.
Басылым «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанынан айына бір рет шығарылмақ. 125 беттік журналдың мағлұмды мазмұны мен тартымды дизайны таралымның көбейетініне уағда беретіндей. Медиахолдинг басшысының сөзінше, жинақ жарты жылға жуық дайындықты қажет еткен.
Ысқақ ЕГЕМБЕРДИЕВ, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры
Алаштың арқа сүйер азаматтары ат терлетіп келіп, тұсауын кесті. Бұл – тек бір ұжымның жұмысы емес. Облыс әкімі Махабет Жолдасқалиұлының өзі тікелей мұрындық болды, ықпал етті. Сондықтан бұл жерде кадрдан тыс қаһармандардың да еңбегі бар. Кез келген нәрсенің өміршең болуы ұжымның ниетіне байланысты.
Басылым басқаларды да басып озып, өміршең әрі оқылымды болсын деген тілектеміз.