Ақтауда теңіз жағасындағы өткел жұртқа қауіп төндіріп тұр. Жуырда жартас бөлігі тағы құлап, жүргіншілер көпірі қирады. Оқиға жыл басынан бері осымен төртінші мәрте қайталанып отыр.
Қазір жергілікті тұрғындар ол аумаққа аяқ баспайды. Әбден үрейленіп, жауыр аттай жасқанып қалған. Көпірдің бүлінген сәті түнгі уақытта жақын маңдағы бейнебақылау камерасына түскен. Абырой болғанда сол сәтте адам болмаған. Әкімдіктегілер ешкім зардап шекпеді дейді. Ал бұл жаяу жүргіншілер өткелі бір жыл бұрын пайдалануға берілген еді. Бірақ жартасты соқпақтың қауіпсіздік шаралары ескерілді ме, жоқ па ол жағы әзірге белгісіз.
Қазір бұл нысанның қираған аумағы түгелімен қоршалып, қауіпті аймақ екендігі туралы ескерту бегілері қойылған. Дыбыс құралдары арқылы сол жерде жүргендерге хабарланады.
Бұл нысан қалалық әкімдікке әлі өтпеді. Тіпті, тиісті сараптама да жасалмаған көрінеді. Авторлық қадағалау жобасында бекітілген мекеме тарапынан мердігерге ескертпе берілген.
Серік ГУСМАН, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары
Негізгі, баланс иесі – «Маңғыстау инвест» компаниясы. Бұзылған жерлерді қалпына келтіру, уақытша жабу жұмыстары бойынша сол мекемеге әкімшілік тарапынан хат жолданды. Алдағы уақытта баланс иесі нысанды экспертизаға тапсыру қажет.
Әкім орынбасарының айтуынша, аумақ сейсмогеологиялық сараптамадан өтуі тиіс. Оның қорытындысына қарай жартасты соқпақтың тағдыры шешіледі.