Маңғыстаудағы Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылындағы ең өзекті әрі негізгі мәселенің бірі – жер асты суының пайда болуы. Көктем, қыс мезгілдерінде жер асты суының деңгейі көтеріліп, тұрғын үйлерге қауіп төндіруі қиындық тудырып отыр. Бұл туралы Мұнайлы ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарланды.
Осы мәселенің алдын-алу мақсатында Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Алматы қаласындағы арнайы ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен бірлесіп геологиялық барлау, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, жерасты суларының пайда болуы «Кіші Оймаша» көлінің әсерінен және елдімекен аумағында 8 бұлақ көзінің бар екені анықталған.
Қазіргі уақытта тұрғын үй алабтарынан шығатын жер асты суларын арнайы су сору құрылғыларының көмегімен құбыр арқылы қауіпсіз аймаққа тасымалдау бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Нұрхан МҰСТАФАЕВ, Атамекен ауылдық округінің әкімі
Атап айтқанда, жерасты сулары арнайы орнатылған дренаж жүйелері арқылы тасымалданып, ауыл сыртында орналасқан «Кіші Оймаша» көліне құйылуда. Қолданыстағы дренаж жүйелері Қаламқас, Туған ел, Көктем және Болашақ тұрғын массивтері аумағында орналасқан. Бүгінгі күні ауылдық округке қарасты Шағала тұрғын массивінің аумағына қосымша 1 дренаж жүйесін орнатылып жатыр. Аталған жұмыстар елдімекендер аумағын абаттандыру үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен іске асырылуда.