Бірнеше күн бұрын іске қосылған Беларусь атом электр стансасы электр энергиясын өндіруді тоқтатты, деп хабарлайды Азаттық радиосы. Оған стансадағы трансформаторлардың жарылуы себеп болған.
Ақау толығымен жойылып, қашан іске қосылатыны туралы нақты жауап жоқ. Стансаны ресейлік «Росатом» бөлімшесі саналатын «Атомстройэкспорт» компаниясы салған. Оған жұмсалған қаржының тең жартысын Мәскеу төлеген. Жоба 2022 жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Десе де, станса 7 қараша күні ресми түрде ашылды. Оған қатысқан Александр Лукашенко жобаның іске қосылуы Беларусь үшін тарихи сәт деген болатын. Ол мемлекеттің ядролық державаға айналатынын да атап өтті.
Алайда Литва АЭС-тың жұмысына қарсылық білдіріп отыр. Себебі, Островец ауданы Литваға жақын жерде орналасқан және ол тұтас Еуропаға қауіп төндіріп отыр деп есептейді. Вильнюс те Беларусьтен электр энергиясын тасымалдаудан бас тартты. Бұған дейін белорустік белсенділер де стансаның салынуына қарсы болған. Бірақ билік өкілдері атом электр стансасының қауіпсіз екенін және оны салу кезінде барлық талап орындалғанын алға тартып құрылысты тоқтатпаған.