АҚШ-та президенттік сайлауда берілген дауыстарды санау жалғасуда. Джорджия, Невада, Пенсильвания және Солтүстік Каролина штаттарындағы шиеленіс әлі де басылмаған.
Көптеген штатта сайлау күні өткеннен кейін де пошта арқылы келіп түскен бюллетеньдерді қабылдауға рұқсат берілген. Бір ғана шарт хат 3 қараша күні жіберілген болуы керек. Сол себепті, дауыс санау процесі ұзаққа созылуы мүмкін. Джо Байденнің штаб-пәтері дауыс саны белгілі болған штаттардағы нәтиже бойынша оның жеңіске жақын екеніне сенімді.
Алайда, Дональд Трамптың командасы Демократиялық партияның бақылауындағы сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижесін бұрмалады деп күдіктенуде. Олардың айтуынша жергілікті сайлау комиссиялары Трамп тарапынан келген бақылаушыларды дауыс санауға жібермей, сол штатта тұрмайтын және қайтыс болған адамдар атынан берілген бюллетеньдерді де есепке қосқан көрінеді. Пенсильвания мен Мичиган соты Трамптың штаб-пәтері түсірген шағымды қанағаттандырмай, дауыс санауды жалғастырды. Бұлай жалғаса берсе, сайлау нәтижесіне қатысты дау жоғарғы сотқа дейін жетіп, бірнеше аптаға созылуы әбден мүмкін.
Соңғы ақпаратқа сүйенсек, демократ Джо Байден 264 ал Трамп 214 сайлаушының қолдауына ие болған.