Мақат аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ш.Кейкиннің қатысуымен «Алтын» және «күміс» алқа иегерлерін марапаттау шарасы ұйымдастырылды. Бұл туралы аудандық әкімдіктің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы хабарлады.
Шара барысында Шәкір Кейкинұлы, қай елде, қай мекенде өмір сүрсе де, ортақ мақсат жолында балалардың бақыты, шат күлкісі, қуанышқа толы тұрмысы үшін күресетін әрі дүниені жаңартушы ұлы тұлға – Ана екендігін айта келіп, көпбалалы аналарды құттықтады. Сондай-ақ, оларға өз қолымен «Алтын» және «күміс» алқа табыстады.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Онда халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері «Шаттық» би тобы, К.Төлебаева және Р.Әлиева сынды әншілердің орындауындағы халық әндері көпшіліктің қошаметіне ие болды. Ал «Тұран» триосы шырқаған «Анаға сағыныш», «Сенің анаң – алтын» әндері шара қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.