1980 жылы қолданысқа берілген Жаңаөзендегі «Мұнайшы» мәдениет үйі 2001–2002 жылдары реконструкциядан өтті. 2019–2025 жылдарға жоспарланған Жаңаөзен қаласының әлеуметтік даму бағдарламасы аясында «ӨзенМұнайГаз» АҚ демеушілігімен биыл сәуір айынан бастап «KazPetroCon» ЖШС компаниясы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы МаңғыстауМедиа сайты Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңаөзендегі алғашқы өнер ордасы биыл жөндеуден өтіп, қазірде халық қолданысына беруге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, мұнда жас таланттардың өсіп жетілуі мен шығармашылық дамуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Құрылыс нысанында бастапқыда 48 адам жұмыс істеді. Ғимараттың қасбеті толықтай жаңартылып, сыртқы аула бөлігіне дейін жөндеуден өтті. Үлкен сахна залына жаңа заманауи үлгідегі декоративті жабындар қапталып, LED экрандары орнатылды. Жарық прожекторлары және дыбыстық құрылғылар толықтай жаңартылды.
Ұлбазар ОРЫНБАЕВА, Жаңаөзен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
Жөндеу жұмыстары толықтай құрылыс талаптарына сай жүргізілді. Бұрынғы боулинг залы қазірде кіші конференция залы ретінде жасақталып, шығармашылық ұжымға қолданысқа беріледі. Ғимараттың шатыры талапқа сай қапталып, өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында гидроизоляциялык қаптама және вентиляция, жылыту құбырлары, барлық қабаттағы санитарлық тораптар жаңартудан өтті.
Сонымен қатар, Ұ.Орынбаева құрылыс кезінде үйірме сабақтары мен шығармашылық ұжымдарының жұмысы тоқтамағанын, олар онлайн үлгіде жүргізіліп, байқауларға қатысуға ешқандай кедергі болмағанын айтты.