Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына келгендер саны былтырғымен салыстырғанда едеуір төмендеген. Өткен жылы 135 бала бейімделіп шықса, биыл орталық көмегіне жүгінгендердің саны 70-ке жеткен.
Мамандар мұны пандемияның пайдасы дейді. Індет енгенге дейін ата-ана қадағалауынсыз қалатындар саны басым болса, карантин талаптары күшейгелі әр қамқоршы баласының жанынан табылады. Қазір мұнда 18 жасөспірім бар. Орталық директоры көп жағдайда балалардың психологиясы бұзылып келетінін айтты.
Ғалия БИЖАНОВА, Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемесінің директоры
Бала келгенде көбіне ашуланып, ренжіп, тек ата-анасына ғана емес, бүкіл қоғамға ренжіп, түңіліп келеді. Сол баламен психологтар, тәрбиешілер, педагогтар жұмыс жасайды. Тыныштандыру, көңіл-күйін қалпына келтіруге байланысты көп жұмыс атқарылады. Бірінші ата-анасымен келіспеушілік болса, соны реттеуге атсалысамыз.
Орталық қызметкерлері балалардың қандай күйде келгеніне қарамастан олармен үш ай бойы жұмыс жасап, ата-анасымен байланыс орнатуға көмектеседі. Нәтижесінде перзент қадірін түсінген ата-ананың саны артып, бірнеше бала өз отбасына қайта оралған.