Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов іссапармен Исатай ауданына барып, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Құрамына 7 ауылдық округ пен 16 елдімекен кіретін, халқының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатын Исатай ауданында 28 мыңға жуық тұрғын бар.
Әкім сапарын Х.Ерғалиев ауылынан бастап, құрылысы жүріп жатқан инжерелік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың жұмысымен танысты.
Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденованың айтуынша, ауылда жаңадан салынып жатқан 133 тұрғын үйге арналып газ, су, электр жарығы жүргізіліп, жұмыс уақытылы жасалуда. «Жайық-жарығы» ЖШС-мен жүргізіп жатқан электр желісін тарту жұмыстары біткен соң ауыл тұрғындарының баспана бойынша арыздары қанағаттандырылмақ.
Сапар барысында аймақ басшысы аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан 100 орындық жатақханасы бар Кәсіптік лицей, 60 пәтерлік тұрғын үй, кәріз жүйесі, өрт сөндіру депосы мен ауылішілік автокөлік жолдарының жұмыстарымен және Жанбай ауылындағы 200 орынды мешіт құрылысымен танысты. Одан кейін Нарын ауыл ішінен салынып жатқан жол мен ауылдық кубтың жұмысына оң баға берді.
Сонымен қатар, Махамбет Досмұхамбетов ауданның COVID-19-дың туындауы мүмкін екінші толқынына дайындығына көз жеткізді. Осы негізде аудандық аурухана мен 3,5 мыңға жуық халқы бар Жанбай ауылының дәрігерлік амбулатория жұмысын көзбен көрді. Мұндағы дәрігерлердің дайындығы, дәрі-дәрмектер мен бір реттік қорғаныш құралдары қорының қаншалықты екенін өзі тексеріп шықты.
Облыс әкімі ауданның қазіргі даму қарқыны мен жасалып жатқан жұмыстарды жақсы бағалады. Исатай ауданы бойынша 8,5 мыңға жуық түйе, 19 мыңға жуық жылқы, 20 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 39 мыңға жуық қой-ешкі бар. Биыл 4 800 тонна ет, 3 800 тонна сүт, 105 мың дана жұмыртқа өндіріліп, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4 978,3 млн. теңгеге жеткен.
Сондай-ақ, экономиканың барлық салаласында 1 334 жұмыс орны ашылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 64,5 пайызға артық.
Аймақ басшысы аудан әкімі мен жауапты тұлғаларға жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының уақытылы аяқталуын қадағалауға тапсырма берді.