Ақтауда заңсыз тұрғын үй құрылысы көбейіп кетті. Жауапсыз мердігерлер үлескерлерді алдап, арзан үйдің жарнамасымен ел-жұртты қызықтырып жүр. Бұған тоқтау болмаса, әлі талай тұрғынның сан соғып қалуы ғажап емес.
Қала басшысы БАҚ өкілдерімен күрмеуі көп құрылыс нысандарын аралап, сенімсіз мердігерлерді атап өтті. Көпшілікті ақпараттандыру үшін олар «Гауһар тас», «Самғау» және «Айсар» тұрғын үй кешендерінен пәтер алмауға кеңес берді.
Бекнұр БӘЛИҰЛЫ, Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы
Тиісті құжаттары рәсімделмеген, жобалық-сметалық құжаттамасы және сараптамасы және құрылысты бастау туралы хабарлама бермей жүзеге асырған. Осы бойынша ҚР ӘҚК сәйкес шара қолданылады. Халықтың аңғалдығын пайдаланып арзан бағамен қызықтырады. Сол себепті, ақша салмас бұрын барлық құжатын тексеріп алуға кеңес береміз.
Олардың құрығына түсіп қалмауы үшін халықтың өзі де сақ болуы керек дейді әкімдік өкілдері. Опық жеген үлескерлер құрылыс маңын жағалап, кеңсесін торуылдап, тіпті болмаған соң әкімдікке жиналып, әбігерге түсіп жүр.
Қазір Ақтауда 60-тан астам компания өз қаражаттары есебінен тұрғын үй салуда. Оның төрттен бірінде мәселе шешімін таппай тұр. Сақтықта қорлық жоқ. Үлескерлер қандай да бір үйге ақша салмастан бұрын Ақтау қалалық сәулет бөлімінен салынып жатқан тұрғын үй құрылысы жайлы ақпарат алғаны дұрыс.