«Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жемқорлыққа тұсау салудың жаңа нұсқасын ойлап тапты. Осы мақсатта Шаймардан Сариев атындағы көркем сурет және қолданбалы сәндік өнер музейімен бірге арнайы шара ұйымдастырылды.
Көркем суретке толы көрменің өтетіндігі әлеуметтік желіде алдын ала жарияланғанымен, оқушылар мен студенттерден басқа ешкім қызығушылық танытпады. Жемқорлық фактілері мемлекеттік қызметшілер арасынан жиі орын алса да, олардың бірде бірі мұнда төбе көрсетпеді.
«Сыбайлас жемқорлық – біз үшін емес» тақырыбында өткен сурет көрмесінде «Балық басынан шіриді», «Жемқорлықсыз қоғам», «Ақша, ақша және ақша» мазмұнындағы шығармалар қойылды.
Залға көркем суреттің 30 данасы қойылған. Шараны ұйымдастыруға белгілі суретшілер мен мектеп оқушылары атсалысты.