Маңғыстауда 29 қазандағы жағдайға сәйкес I–II деңгейлі инфекциялық стационарларда 69 адам ем қабылдап жатыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
69 науқастың ішінде жетеуінің коронавирусқа тапсырған сынамасы ауру екенін көрсеткен. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде 8 науқас жатыр. Оның 6-ның жағдайы ауыр, тағы 2 науқас өте ауыр хәлде деп бағалануда. Біреуі тыныс алу аппаратына қосылған.
Бұл бөлімге түскендердің нашарлауына жедел тыныс жетіспеушілігі және ілеспе аурулары себеп болып отыр. Бүгінде аймақтың оқшаулау орындарындағы төсек-орын жүктемесі 33 пайызға жетті. Облыс көлемінде 215 инфекциялық І–ІІ сатылы төсек орын бар. Сондай-ақ, реанимациялық төсек саны – 43. Анықтамасыз шетелден келген ҚР азаматтары мен шетел азаматтарына арналған карантиндік стационарларда барлығы 270 төсек орын бар.